Ақтаудағы электр желілері 70%-ға тозған моральдық және физикалық ескірген. Осыған байланысты 2023 жылдың 1 тамызынан бастап халыққа жаңғырту жүргізу үшін тариф көтеріледі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты "АЭЖБ "МКК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаланың ескі бөлігіндегі кабельдік желілер шамадан тыс тозып, нормативтік қызмет ету мерзімін (электр қондырғыларын орнату ережелері – 25 жыл) орындаған.
- Авариялық қызметтер мен басқа да бөгде ұйымдар жер қазу жұмыстарын жүргізген кезде қаланың ескі бөлігіндегі (1-26 ш/а) 6-10 кВ кабельдер бірнеше рет механикалық зақымдалған. Бұл тұтынушыларға электр энергиясын берудің сенімділігі мен сапасына теріс әсер етеді. Сондықтан, авариялық тоқ өшулерін болдырмау, халықты электрмен жабдықтау сапасын жақсарту және кәсіпорынның электр желілерінде тозуды азайту үшін 2022-2026 жылдарға арналған 6-10кВ ескі және тозған кабель желілерін ауыстыру жөніндегі инвестициялық бағдарлама бекітілді,- деп хабарлайды коммуналдық кәсіпорынның баспасөз қызметі.
Коммуналдық кәсіпорынның мәліметінше, қалада электр желілерінің тозуына байланысты монополияға қарсы Комитеттің уәкілетті органының ұсынысы бойынша 2023 жылдың 1 тамызынан 2024 жылдың тамызына дейін тариф өседі.
Тариф 2,97 теңгеден 3,80 теңгеге дейін ұлғаяды.
- Желілер тозғандықтан және біздің өңіріміз апат бойынша қызыл аймақта орналасқандықтан, бір жылға тариф көтеріледі. Осы кезеңде кабель желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізіледі,-делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, қаланың жаңа шағын аудандарында электр желілерінің қанағаттанарлықсыз жай-күйіне байланысты типтік проблемалар бар. Мысалы, "Прибрежная-110/10 кВ" - РП-33 шағынауданының 10кВ жоғары вольтты бас кабельдік желісі. Қазіргі уақытта 19А және 20ш-а бір бөлігі, сондай-ақ бүкіл 33 ш/а қосылған. Шамамен 12 жыл бұрын салынған бұл кабельдік желіге жұмыс кернеуі бірнеше жылдан кейін ғана берілген, яғни кабельдер шамамен екі-үш жыл бойы кернеусіз жатты. Осы уақыт ішінде құрылыс салушылар мен электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау, жылумен жабдықтау ұйымдары осы 10 кВ кабельдерге бірнеше рет зақым келтірді.
Кәсіпорынның баспасөз қызметі бекітілген инвестициялық бағдарламада көзделген жұмыстардан басқа, ұзындығы 6700 метр болатын "Прибрежная" АҚ-дан РП 33-ке дейінгі кабельдік желілерді ауыстыру бойынша жұмыстар орындалатынын атап өтті.
- Бүгінгі таңда аталған 10 кВ кабельдік желілерді ауыстыру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау үшін техникалық құжаттаманы әзірлеу, материалдар мен техниканы дайындау бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде, - деп мәлімдеді "АЭЖБ"МКК.